Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Түрікменстан Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Ходжамырат Гелдимырадовпен кездесті.
Вице-премьер Түрікменстан Қазақстанның Орталық Азиядағы маңызды әріптесі екенін атап өтті. Кейінгі бес жылда екі ел арасындағы тауар айналымы төрт есе өскен, ал кейінгі екі жылдағы өзара сауда тұрақты түрде 500 млн доллардан асып тұр. Мемлекет басшылары алға қойған тауар айналымын 1 млрд долларға дейін жеткізу мақсатын ортамерзімді перспективада еркін орындауға болады.
Келіссөздердің жеке бір блогі ауыл шаруашылығы өнімдерінің өзара саудасына арналды. 2025 жылғы 9 айда Түрікменстанға елімізден экспорт негізінен өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, қайта өңделген өнімдерді жеткізу есебінен 221,7 млн долларды құраған. 2025 жылы экспорт ұн, өсімдік майы, тағы басқа да өңделген тауарлардың көбеюіне байланысты өсті.
Экспорттағы агроөнеркәсіп тауарларының үлесі тұрақты түрде 30%-дан асады. Қазақстан бидай ұны, күнбағыс майы, бидай, макарон өнімдері, маргарин, шай концентраттарын жеткізеді.
Серік Жұманғарин тауарларды жеткізу көлемін ұлғайтуды, сондай-ақ бидай, жүгері, жасымық, бұршақ, соя, күнбағыс майы, ұн, қант және басқа да өнімдерден тұратын агроөнеркәсіп өнімінің түрлерін көбейтуді ұсынды.
Түрікменстаннан импорт та өсіп отыр. 2025 жылғы 9 айда ол 141,9 млн долларға жетті. Табиғи газдан басқа жемістер мен көкөністер де жеткізіледі. 2025 жылы қызанақ көлемі 30 мың тоннадан асты, ол – Түрікменстаннан келетін импорт құрылымындағы екінші маңызды тауар.
«Біз жеміс-көкөніс өнімдерінің біздің нарықта болғанына мүдделіміз. Сіздер жеткізетін барлық нәрсе – қызанақ, жеміс, көкөністі біз «жасыл дәліз» аясында қабылдауға дайынбыз», деп атап өтті С.Жұманғарин.
Кездесуде көлік-логистикалық жобаларды дамытуға ерекше назар аударылды. Ходжамырат Гелдимырадов Гератпен шекарада құрғақ порт құрылысының басталғаны туралы хабарлады және Қазақстанды осы жобаға қосылуға шақырды.
Тараптар сондай-ақ «Герат – Тургунди» теміржол желісінің құрылысын қоса алғанда, Қазақстан – Түрікменстан – Ауғанстан – Пәкістан транзиттік дәлізін қалыптастыру перспективаларын талқылады. Серік Жұманғарин мен Ходжамырат Гелдимырадов бизнес үшін қосымша мүмкіндіктер жасауға, елдер арасындағы интеграцияны кеңейте отырып, көлік, сауда және логистикалық байланыстарды дамыту жөніндегі жұмысты жалғастыруға ниетті екенін растады.