Ертіс-Баян өңірі ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу ісіне сырттан инвесторларды тартуды жалғастырып жатыр. Жақын уақытта мұнда май экстракциясы зауытының құрылысы аяқталып, жылына 90 мың тонна шикізатты өңдеу көзделіп отыр.
Павлодар ауданы ежелден агрокешендегі жетістіктерімен танымал. Ауданның егіс алқабы биыл 123 мың гектардан асты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 7 мың гектарға артық. Ауыл шаруашылығын әртараптандыру аясында күнбағыс, арпа, қарақұмық және картоп алқаптары едәуір ұлғайтылды. Қазір диқандар 30 мың тоннаға жуық астық пен 130 мың тоннадан астам картоп жинап үлгерді. Негізі суармалы егіншілікті дамыту бойынша аталған аумақ облыстағы көшбасшы аудан болып саналады. Тек биыл жаңадан 936 гектар суармалы егіс алқабы іске қосылды. Жақын болашақта суармалы егіс алқабы 18 мың гектарға жеткізілуге тиіс. Бұл өнімділікті арттыру және егіс алқаптарын кеңейту үшін берік негіз болатынына сөз жоқ.
Кейінгі уақытта бұл өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге мән беріле бастады. Мәселен, Кемеңгер ауылында «jielong holdings» компаниясы қуаттылығы жылына 90 мың тонна шикізатты құрайтын май экстракциясы зауытының құрылысын жүргізіп жатыр. Инвестиция көлемі 4 миллиард теңгені құрайды, ал кәсіпорын іске қосылғаннан кейін 80 жаңа жұмыс орны құрылады. Компания директоры Ки Ки ханым жобаның барлық кезеңдерінде облыс әкімдігінен қажетті қолдау алып жатқанын атап өтті.
– Құрылыс кезеңінде біз сыртқы коммуникацияларды жүргізу мәселелерінде көмекті сезіндік. Біз барлық жұмысты аяқтап, келесі жылы өндірісті іске қосуды жоспарлап отырмыз. Облыс басшылығына біздің бастамамызға қолұшын созып, назар аударғаны үшін алғысымды білдіргім келеді, – дейді ол.
Жылына 60 мың тонна шикізатты қайта өңдейтін әрі 30 мың тоннаға дейін дайын өнім шығаратын тағы бір маңызды жобаны «Кемеңгер Май» компаниясы іске асырып отыр. Кәсіпорынға салынатын инвестицияның көлемі – 2 млрд теңге көлемінде, 25 жаңа жұмыс орны құрылатын болады. Аталған компания басшысы Ибрагим Халяпов аймақтың дамуын жылдар бойы бақылағаннан кейін Шығыс Қазақстан өңірінен осында көшіп келуге шешім қабылдағанын жеткізді.
– Біз жиырма жылдан астам уақыт Шығыс Қазақстан облысында жұмыс істедік. Павлодар облысының қалай дамып жатқанын әрдайым мұқият қадағалап, оң өзгерістерді көріп, қолайлы инвестициялық ахуалды сезіндім. Сондықтан отбасымызбен бірге көшіп келіп, өндіріс ашуға шешім қабылдадық. Бүгін бұл қадамның дұрыс болғанына көзім жетіп отыр. Аймақ билігі диалогке ашық, бизнесті қолдайды әрі өркендеуіміз үшін ауадай қажет барлық жағдайды жасауға ынталы. Осындай атмосферада жұмыс істеп, жаңа жобаларды іске қоссам, болашаққа инвестиция салсам деймін. Ертіс бойы – бұл мүмкіндіктер аймағы ғана емес, сонымен қатар өмір сүру мен жоспар құру үшін жайлы өлке, – деп атап өтті инвестор.
Атап өтерлігі, Павлодар ауданы картобымен де танымал. Мұндағы диқандар кейінгі уақытта қытырлақ (chips) өндірісіне арналған картоп өсіруге де маманданған. Мысалы, «Агросоюз» фермерлік шаруашылығы өз өнімін халықаралық «PepsiCo» компаниясына өткізеді. Бұл жергілікті фермерлерге жаңа нарықтарды бағындыруға және оларды жаһандық өндіріс тізбектеріне біріктіруге себепкер. Сондай-ақ мұнда жиналған өнімді сақтаудың заманауи инфрақұрылымы құрылған. Сыйымдылығы 15 мың тонна көкөніс қоймасы өнімді сақтауға, оның үздіксіз жеткізілуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Болашақта аумақта қытырлақ өндірісін жолға қоюға ынталы инвесторлар болса, облыс билігі қолдауға дайын екендерін білдіріп отыр. Инвестиция тарту, экспортқа бағдарлау – өңірдің стратегиялық басымдығы. Жаңа кәсіпорындар ауыл тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындарын ашып қана қоймай, жаңа өнімдер шығарып, кірісті арттырады әрі облыс экономикасын нығайтады.
Павлодар облысы,
Павлодар ауданы