Бұл туралы Энергетика вице-министрі Ерлан Ақбаров мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Новороссийск қаласы маңында орын алған дрондар шабуылына қарамастан, Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы Қазақстан мұнайын тасымалдау бұзылмай, қалыпты режимде жүріп жатыр.
Өткен түнде дрондардың соққысы салдарынан КҚК-ның теңіз терминалындағы әкімшілік ғимарат зақымданғаны хабарланған болатын. Алайда вице-министрдің айтуынша, негізгі мұнай тасымалдау желісінің жұмысына бұл оқиға әсер етпеген.
– Қазіргі уақытта барлық жүйе тұрақты әрі қалыпты режимде жұмыс істеп тұр, – деді Ерлан Ақбаров Мәжілісте журналистер сауалына жауап бере отырып.
14 қарашада Энергетика министрлігі Новороссийск портындағы "Шесхарис" кешенінде дрондар шабуылы салдарынан мұнай базасы зақымданғанын да растаған еді.