Маңғыстау облысының Бейнеу ауылында бейнебақылау камераларына патрульдік автокөлік пен Toyota Camry жеңіл автокөлігінің соқтығысқан сәті тіркелді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Lada.kz басылымының мәліметінше, жол апаты 25 қарашада болды.
Видеодан Toyota жоғары жылдамдықпен келіп, полицияның қызметтік көлігіне соғылғанын көруге болады. Маңғыстау облысы полиция департаментінің мәліметінше, жеңіл автокөлік рөлінде 17 жастағы жасөспірім болған.
Кәмелетке толмаған баланың ата-анасы белгіленген жасқа толмаған адамның көлікті басқаруына жол бергені, сондай-ақ тәрбие жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Жол апаты салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ. Оқиға фактісі бойынша қызметтік тексеру тағайындалды.