Енді қазақстандықтар "Ерекше білім беруді қажет ететін балаларды үйде оқытуға жұмсалған шығындарды өтеу" қызметін eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы рәсімдей алады. Бұл туралы "Электрондық үкіметке" сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Жаңа қызмет аясында ата-аналар баласы білім беру ұйымына бара алмайтын жағдайда үйде оқыту үшін қосымша әлеуметтік көмек алуға өтінішті қашықтан бере алады.
Өтемақы жеке оқу жоспарына және баланың үйде оқитынын растайтын білім беру ұйымының анықтамасына байланысты төленеді.
"Төлем оқу процесін қамтамасыз етуге байланысты шығындардың бір бөлігін өтеуге бағытталған. Өтемақы өтініш берген айдан бастап анықтамада көрсетілген мерзім аяқталғанға дейін тағайындалады.
Төлем мерзімнің аяқталуына немесе білім беру түрінің өзгеруіне байланысты тоқтатылады. Үйде жеке оқу жоспары бойынша оқитын ерекше білім беруді қажет ететін балалардың оқу шығындарын өтеу мөлшері жергілікті өкілді органдардың (мәслихаттардың) шешімімен белгіленеді", — делінген хабарламада.
Қызметті пайдалану үшін пайдаланушыға:
- eGov Mobile қосымшасына кіріп, "eGov мемлекеттік қызметтері" – "Жеңілдіктер, жәрдемақы және зейнетақы" бөлімін ашу;
- "Мүгедектігі бар балаларды үйде оқытуға жұмсалған шығындарды өтеу" қызметін таңдап, қажетті деректерді толтыру;
- қызметті қолжетімді қол қою әдістерінің бірімен растау қажет;
- құжаттарды рәсімдеу мәртебесін "Қызметтер тарихы" бөлімінен тексеру қажет.
Қызмет көрсету мерзімі – мемлекеттік орган толық құжаттар пакетін тіркеген күннен бастап 8 жұмыс күнін құрайды. Төлем білім беру ұйымы берген анықтамада көрсетілген кезеңге ғана тағайындалады, жаңа мерзімге автоматты түрде ұзартылмайды.
Балаға белгіленген мүгедектік мерзімі аяқталған соң куәландыруды қайта өткізіп, өтінішті қайта рәсімдеу қажет. Өтінішті онлайн eGov.kz электрондық үкімет порталында да, сондай-ақ офлайн түрде халыққа қызмет көрсету орталығында да беруге болады.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз