Мемлекет басшысы Әзербайжан басшысына санкцияларды алып тастап, өз елі арқылы екіжақты тікелей сауда жүргізу туралы шешім қабылдағаны үшін ризашылық білдірді. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Никол Пашинянмен бірге БАҚ өкілдеріне арнап өткізген брифингте айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Мемлекет басшысы Арменияға Қазақстан бидайының алғашқы 1 мың тоннасы жеткізілгенін баса атап өтті.

"Мен Әзербайжан басшысына санкцияларды алып тастап, өз елі арқылы екіжақты тікелей сауда жүргізу туралы шешім қабылдағаны үшін ризашылығымды білдірдім. Мысалы, биылғы қараша айында Әзербайжан аумағы арқылы Арменияға Қазақстан бидайының алғашқы 1 мың тоннасы жеткізілді. Бұл бастаманың саяси және экономикалық мән-маңызы айрықша. Біз Арменияға жоғары сапалы астық өнімдерін және басқа да тауарларды тұрақты түрде жеткізуге дайынбыз Осы бағыттағы жұмысқа күш-жігерімізді жұмылдыруға уағдаластық. Екі ел арасында тікелей әуе рейсін ашу және әуемен жүк тасымалдау жұмысын ретке келтіру – маңызды міндеттің бірі", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұған дейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Армения премьер-министрі Никол Пашинянмен болған келіссөздері нәтижесінде БАҚ өкілдері алдында брифинг өткізіп, Украинадағы жағдайға қатысты пікір білдірген болатын.