АҚШ доллардың түрін толық өзгертетінін хабарлады. Бұл жұмыс бірден емес, кезең-кезеңімен жүзеге асады. Жаңарту уақыты 2026 жылдан 2034 жылға дейін созылады. Осындай үлкен өзгерістің басты мақсаты – ақша қолдан жасалмауы үшін қорғау деңгейін күшейту және көзі нашар көретін адамдарға қолайлы жағдай жасау. Ескі доллар жарамсыз болмайды. Сондықтан уайымдауға негіз жоқ, деп жазады, Egemen.kz.

Алдымен қандай купюра қай жылы жаңаратынын айтайық. Америка бұл жұмысты нақты кестемен бөледі. 2026 жылы жаңарған 10 доллар шықпақ. 2028 жылы 50 доллар айналымға қосылады. 2030 жылы 20 доллар өзгереді. 2032 жылы жаңа 5 доллар шығады. Ал 2034 жылы халық көп күткен жаңа 100 доллар жарық көреді.

Америка неліктен ақшаның түрін жаңартуға кірісті деген сұрақ жиі қойылады. Себебі кейінгі жылдары жалған доллар көбейді. Қолдан жасайтындар үлкен принтер мен сандық құрылғыларды қолдана бастады. Тіпті үш өлшемді құрылғымен де жасалған ақша көбейген. Мұндай ақшаны арнайы құрылғысыз анықтау қиын болып барады. Сол себептен жаңа қорғаныс тәсілдері қажет болды.

Жаңа доллар тек қауіпсіздік үшін емес, қолжетімділік үшін де өзгереді. Америка тарихында бірінші рет купюра бетіне саусақпен сезілетін арнайы белгі қойылады. Бұл рельеф белгісі RTF деп аталады. Белгі арқылы көзі нашар көретін адам ақшаның номиналын сипап анықтай алады.

Енді ескі доллар мәселесіне тоқталайық. Федералдық резерв жүйесінің мәліметі бойынша 1914 жылдан бері шыққан барлық доллар өз күшінде қалады. Яғни ескі ақшаны өзгерту немесе өткізу қажет емес. Олар Америкада әрқашан қабылданады. Айырбас орындарының ескі дизайн деп комиссия ұстауы заңға қайшы.