Армения премьер-министрі Никол Пашинян Армения мен Әзербайжандағы бейбітшіліктің орнауына Қазақстанның қосқан үлесін атап өтті, деп хабарлайды Ақорда.
Ақорданың хабарлауынша, Никол Пашинян армян тарабы ынтымақтастықтың барлық бағытын кеңейтуге дайын екенін растады.
"Қазақстан – біз үшін өте маңызды ел. Өйткені сын сәтінде Армения мен Әзербайжанның сыртқы істер министрлері Алматыда кездесті. Бұл біз үшін өте маңызды еді. Армения мен Әзербайжандағы бейбітшіліктің Алматы декларациясына негізделетіні баршаға мәлім. Оның саяси және символдық мәні зор. Осы ресми сапарымның нәтижесінде Армения мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілгеніне қуаныштымын. Бұл өңірдегі ықпалдастықтың жаңа дәрежеге жеткенін көрсетеді", — деді Армения премьер-министрі.
Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылы 9 тамызда Вашингтонда АҚШ президенті Дональд Трамптың қатысуымен Әзербайжан мен Армения арасындағы әскери қимылдарды тоқтату туралы келісімге қол қойылды.
Оған дейін, 2024 жылы мамырда Армения мен Әзербайжан сыртқы істер министрлері арасындағы келіссөздердің бірі Алматыда өткенін хабарлағанбыз.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз