Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қызметкерлер қандай жағдайда сыйақы немесе «он үшінші жалақы» алуға үміт арта алатынын түсіндірді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің төрағасы Мейрамбек Ахметовтың айтуынша, сыйақы мен басқа да ынталандыру төлемдерін беру тәртібі ұжымдық немесе жеке еңбек шарттарында алдын ала жазылуы тиіс.
Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында Tengrinews.kz журналисі Мейрамбек Ахметовтен кімдер сыйақы мен 13-ші жалақыға үміттене алатынын сұрады.
Комитет төрағасы түсіндіргендей, егер бұл төлемдер еңбек шартында қарастырылмаған болса да, қызметкерлер сыйақы немесе 13-ші жалақы төлеуді сұрай алады. Алайда, жұмыс беруші мұндай өтінішті қанағаттандырудан бас тартуға құқылы.
– Қызметкерлер басшылықтан талап ете алады. Бірақ басшылық оған бара ма? Ұйымның ондай қаржылық мүмкіндігі бар ма? – деп түсіндірді Ахметов.
Мейрамбек Ахметовтың айтуынша, Қазақстанда еңбек дауларының басым бөлігі дәл осы сыйақы төлеу мәселесіне байланысты туындайды.
– Қызметкерлер: «Жыл соңында немесе мереке қарсаңында сыйақы беріңіздер» деп сұрайды. Бірақ кәсіпорын әкімшілігінде ондай қаражат болмайды, бюджетте қарастырылмаған немесе мүлде жоқ. Осылайша еңбек даулары пайда болады, – деді ол.
Ахметовтен мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылатын ұйым қызметкерлері сыйақы ала ала ма деген сұрақ қойылды.
Ол үкіметтің арнайы қаулысы бар екенін айтты. Бұл құжат мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын қызметкерлерге сыйақы төлеуге мүмкіндік береді.
Сыйақы тек үнемделген қаражат болған жағдайда ғана төленеді. Құжатта:
- кімге және не үшін сыйақы беруге болатыны;
- үнем қай шығыс баптары есебінен қалыптасуы мүмкін екені көрсетілген.
Егер мұндай үнем болса, мемлекеттік орган немесе бюджет ұйымының басшылығы сыйақы төлеу туралы шешім қабылдай алады. Оның мөлшері жеке тәртіппен белгіленеді. Ал егер үнем болмаса, төлем қарастырылмайды.