Елордада полицейлер жедел-іздестіру шаралары барысында 35 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады. Жеке тінту кезінде оның қол сөмкесінен ерекше иісі бар, сары түсті сұйықтық құйылған төрт ыдыс табылды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Сонымен қатар, ҚР ІІМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, ер адамның пәтерін тінту барысында гашиш майы болып табылатын осындай сұйықтық қалдығы бар металл ыдыс анықталып, тәркіленді. Медициналық куәландыру қорытындысы ұсталған адамның есірткі затын қолданғанын көрсетті.
"Аталған дерек бойынша "есірткі затын сақтау" фактісі бойынша қылмыстық іс тіркелді, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Полиция азаматтарды есірткі құралдарын сақтау, дайындау, сатып алу немесе өткізу ауыр қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін еске салады", делінген полиция хабарламасында.
Бұған дейін ШҚО-да есірткіні аса ірі мөлшерде таратумен айналысқан күдікті ұсталғаны хабарланған.