12 адамның өмірін қиған өрттің алдын ала себебі белгілі болды. Түркістан облысы төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері өрт электр жабдықтарын қосатын желілік фильтрдің ақауынан туындаған болуы мүмкін екенін хабарлады, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Өрттің алдын ала себебі туралы өңірлік ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Жасұлан Айнабеков Jibek Joly телеарнасының эфирінде айтты. Ол алдағы уақытта өрттің нақты неден шыққаны анықталып, ведомство қосымша ақпарат беретінін хабарлады.
"Өрт оқиғасы болған жерде облыстық төтенше жағдай департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының өрт сынақ зертханасы жұмыс істеп жатыр. Алдын ала болжам бойынша өрттің шығу себебі — электр жабдықтарын қосатын желілік фильтрдің ақауы. Дегенмен өрт сынақ зертханасы сараптамасының қорытындысы әлі шыққан жоқ. Қазіргі таңда тергеу бойынша анықтау қызметі тағайындалды. Тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Өрттің нақты неден шыққаны анықталып, қосымша ақпарат беріледі", - деді ол.
Естеріңізге сала кетейік, 18 қараша таңертең Түркістан облысы Алғабас ауылында орналасқан екі қабатты жеке тұрғын үйден өрт шығып, салдарынан 12 адам көз жұмды. Олардың тоғызы – бала.
Ес-түссіз күйдегі тағы үш адам жедел медициналық жәрдем бригадасына тапсырылған.
Қайғылы оқиғаға байланысты президент Қасым-Жомарт Тоқаев көңіл айтып, үкімет пен облыс әкіміне тапсырма берді.
Кейінірек балалар омбудсмені Динара Закиева өртке қатысты жаңа деректерді бөлісті.
Полиция өрт фактісі бойынша "Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу" бабымен қылмыстық іс қозғады, сондай-ақ өрттің себептерін тергеу жөніндегі үкіметтік комиссия құрылды.
Сондай-ақ өрттен зардап шеккен үш адам – екі ересек және бір бала жансақтау бөлімінде жатқаны, жағдайлары ауыр, бірақ тұрақты екені хабарланды.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз