Қазақстанда 1 469 сынып уақытша қашықтан оқуға ауыстырылды.
Қазақстанның жеті өңірінде ЖРВИ жұқтыру көрсеткішінің өсуіне байланысты бірқатар сынып уақытша қашықтан оқыту форматына көшірілді. Бұл туралы еліміздің бас мемлекеттік санитар дәрігері Сархат Бейсенова Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте мәлімдеді.
Оның айтуынша, қашықтан оқу тек жекелеген сыныптарға қатысты, мектептер толық онлайн форматқа ауыстырылған жоқ. Қазіргі таңда еліміз бойынша 132 мектептегі 1 469 сынып онлайн оқып жатыр.
"ЖРВИ салдарынан бір инфекциялық кезең ішінде сыныптағы балалардың 30%-дан астамы сабаққа қатыспаған жағдайда, ол сынып қашықтан оқытуға жіберіледі", – деді Сархат Бейсенова.
Оқи отырыңыз: ЖРВИ белгілері қандай және одан үйде қалай емделуге болады
Қашықтан оқуға жіберілген сыныптар саны:
- Астана: 24 мектепте 182 сынып
- ШҚО: 57 мектепте 204 сынып
- Абай облысы: 21 мектепте 276 сынып
- Жамбыл облысы: 14 мектепте 598 сынып
- Қостанай облысы: 12 мектепте 168 сынып
- Ақмола облысы: 3 мектепте 21 сынып
- Қарағанды облысы: 1 мектепте 20 сынып
Бейсенованың айтуынша, қашықтан оқыту критерийлері нақты белгіленген:
- Егер сыныптағы балалардың 20%-дан астамы сырқаттанса, кабинеттік жүйе тоқтатылады, оқушылар барлық сабаққа бір кабинетте қалады.
- Егер 30%-дан астамы ЖРВИ себебімен сабаққа қатыспаса, сынып онлайн форматқа ауыстырылады.