Ұжымдық шартқа бір лауазым ішіндегі ең жоғары және ең төменгі жалақының арақатынасын міндетті түрде белгілеу туралы норма ұсынылды. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Бір лауазым мен бір мамандық бойынша жұмыс істейтіндердің жалақысындағы алшақтық мәселесі. Бір кәсіпорында, бірдей лауазымда, бірдей функцияны атқаратын қызметкерлердің жалақысында бірнеше есе айырмашылық болмауы тиіс. Алайда, қазіргі заңнамада бұл мәселе реттемелген. Сондықтан осындай әділетсіздік жиі кездеседі», – деді депутат заң жобасын таныстыру барысында.
Асхат Аймағамбетов бірдей жұмысты атқарып, бірдей талаптарға сай келетін шетел мамандары мен жергілікті мамандар арасындағы жалақылары бойынша алшақтық проблемасы бар екенін айтты.
«Сондықтан да біз ұжымдық шартқа бір лауазым ішіндегі ең жоғары және ең төменгі жалақының арақатынасын міндетті түрде белгілеу туралы норманы ұсындық. Бұл норма еңбекақы төлеудегі әділдік үшін қажет деп санаймыз», – деді ол.
Келесі түзету еңбек даулары кезіндегі жұмыскердің мүддесін қорғауға бағытталған.
«Қазір өндірісте жазатайым оқиға болса, оны тергейтін комиссияны жұмыс берушінің өзі құрады, басқарады. Сондықтан көп жағдайда тергеу субъективті өтіп, жұмысшы немесе оның отбасы әділдік таппай, сенімсіздік пайда болады. Біз тергеу процесін объективті ету мақсатында, комиссияның құрамына тәуелсіз тараптарды – медиаторларды, және оның туыстарын немесе адвокатын қосуға мүмкіндік береміз. Егер тергеу ашық болса, оған бірнеше тараптар қатысса, бұл тергеу әділірек өтіп, қарапайым жұмыскердің дауысы ескерілетін болады деп санаймыз», – деді Мәжіліс депутаты.