Бұл мәселемен арнайы комиссия айналысады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Асқарбек Ертаев көз жұмған фельдшердің отбасына берілетін жәрдемақыға қатысты түсінік берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Тілшілер марқұм фельдшердің отбасы мен зардап шеккендерге қандай төлемдер қарастырылғанын сұрады. Асқарбек Ертаев жәрдемақы жүргізіліп жатқан тергеу актілеріне сәйкес анықталатынын айтты.
"Қазір арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Бұл мәселе сол комиссияда қаралады. Жұмыс берушінің жауапкершілігі де анықталады. Мен ол фельдшердің отбасы құрамын нақты білмеймін. Егер баласы болса, онда заң бойынша асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы төленеді. Егер жұбайы болса, онда жұбайы және баласы асыраушысынан айырылу жәрдемақысын алуға құқылы. Екіншісі – жерлеуге берілетін жәрдемақы. Егер адамның міндетті аударымдары болса, онда 95 АЕК мөлшерінде жерлеуге арналған төлем беріледі. Осы сияқты төлемдер болады", – деп жауап берді Асқарбек Ертаев Мәжіліс кулуарында.
Оның сөзінше, марқұм фельдшердің сақтандыруы болса, онда сақтандыру компаниясы жазатайым оқиғаға қатысты келісімшартқа сәйкес төлем жүргізуі тиіс. Вице-министр бұл мәселелер жалпы жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесі аясында шешілетінін жеткізді.
Айта кету керек, бұған дейін Астанада үстіне кондиционер құлаған 23 жастағы фельдшер көз жұмғанын жазғанбыз.