2025 жылдың қыркүйегінен 13 қарашасына дейін жаңа егіннен 2,6 миллион тонна астық экспортқа шығарылған.

Бұл туралы "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ мәлімет таратты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Аталған көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда жоғары саналып тұр, ол кезде 2,2 миллион тонна астық тасымалданған болатын. Экспорт көлемі әсіресе көрші елдерге бұрынғыдан да арта түскен.

Ең жоғары көрсеткіш Өзбекстанға тиесілі (41%, 872 мың тоннадан 1 232 мың тоннаға дейін). Қырғызстан 2,2 есе (32 мың тоннадан 73 мың тоннаға дейін) болса, Әзербайжан 30%-ды (50 мың тоннадан 65 мың тоннаға дейін), Ауғанстан 35%-ды (100 мың тоннадан 135 мың тоннаға дейін) құрап отыр.

– "Қазақстан темір жолы "ҰК" АҚ өкілдері Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі жанындағы астық тасымалдау жөніндегі жедел астық штабының отырысына қатысты. Онда ҚТЖ қатысушыларға ағымдағы жағдай және тасымалдау процесін тұрақтандыруға, оның тиімділігін арттыруға және астық тасымалының уақытылы болуы бағытында қабылданып жатқан шаралар туралы өзекті ақпарат берді, – делінген компанияның баспасөз қызметі таратқан мәліметте.