Әйелдер күніне шамамен 240 минутын ақысы төленбейтін "жұмысқа" арнайды.

Мәжіліс депутаты Ажар Сағандықова әйелдердің жұмыс уақытын қысқарту мәселесін көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"ЖСДП фракциясы Қазақстандағы әйелдерге түсетін шамадан тыс жүктеме бойынша жүйелі мәселесіне назар аударады. Бұл мәселелер қазіргі еңбек заңнамасында көрініс таппаған. Зерттеулерге сәйкес, Қазақстандағы әйелдер күніне шамамен 480 минутын ақылы жұмысқа, шамамен 240 минутын ақы төленбейтін отбасындағы жұмысқа жұмсайды. Балаларға, қарттарға және ауыр науқас туыстарға жасалатын күтімнің 95%-ға жуығы әйелдердің мойнында. Осылайша бәрін қосқанда олардың күнделікті жүктемесі 13 сағаттан асады. Бұл созылмалы шаршаңқылыққа, эмоциялық күйзеліске, өмір сапасының төмендеуіне және денсаулыққа төнетін қауіптердің артуына әкеледі", – деді депутат.

Оның сөзінше, мұнымен қоса жалақыда 15% гендерлік айырмашылық та бар.

Ажар Сағандықова ерекше күтімді қажет ететін балаларды тәрбиелеп отырған және ауыр науқас туыстарына қарайтын әйелдердің мәселесіне баса назар аударды. Ол халықаралық тәжірибеде апталық жұмыс уақытының қысқаруы күйзелісті азайтып, еңбек өнімділігін арттыратынын көрсетеді деп отыр.

"Қазақстанның ұлттық заңнамасында жекелеген кепілдіктер бар болғанымен, бірақ олар ақысыз жұмыстың нақты көлемін есепке алмайды. Фракция Еңбек кодексінде балаларға, науқастарға және егде жастағы туыстарына, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі балаларға күтім көрсететін әрі жұмыс істеп жүрген әйелдер үшін қысқартылған апталық жұмыс уақытын бекіту құқығы берілуі қажет деп санайды. Бұл ретте олардың жалақысы мен әлеуметтік кепілдіктері сақталуы тиіс", – деп атап өтті ол.

Айтуынша, мүмкіндігі шектеулі балаларға және науқас туыстарына күтім жасайтын әйелдердің табысын төмендетпей әрі олардың құқықтық әрі әлеуметтік мәртебесінің нашарлауына жол бермей, қажеттілікке қарай беріліп отыратын икемді жұмыс сағаттары немесе күндері тетігін енгізу ұсынылады.

"Фракция жұмыс пен бала, науқас туыстарының күтімін қатар алып жүрген әйелдер үшін қысқартылған жұмыс аптасы бойынша пилоттық жобаны іске қосуды ұсынады", – деді Мәжіліс депутаты Ажар Сағандықова.