Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев 2025 жылғы 19 қарашада Мәжіліс кулуарында Түркістан облысының Алғабас ауылында жеке үйде болған өрттен зардап шеккендердің жағдайы туралы айтты, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда үш науқастың да жағдайы тұрақты ауыр күйде қалып отыр.
"Үш пациент бар. 18 жастағы қыз – өкпені жасанды желдету аппаратында, әйел адам да ИВЛ-де, ер адам – өздігінен тыныс алып жатыр. Барлығында шок, әртүрлі дәрежедегі күйік бар – 11–12%-дан 30%-ға дейін. Қазіргі кезде барлық қажетті медициналық көмек көрсетілуде, олар аудандық аурухананың жансақтау бөліміне жатқызылды. Санавиация арқылы бес маман жіберілді – ересектер және балалар комбустиологтары, токсикологтар, анестезиолог-реаниматолог. Олар қазір оқиға орнында, қажетті көмектің барлығы көрсетіліп жатыр, дәрі-дәрмек толық қамтамасыз етілген", – деді спикер.
Ол бүгінгі таңда негізгі міндет – науқастардың жағдайын тұрақтандыру екенін, сондай-ақ оларды Шымкент қаласына немесе Астанадағы республикалық клиникаға ауыстыру мәселесі қарастырылып жатқанын атап өтті.
2025 жылдың 18 қарашасы таңертең Түркістан облысы Жетісай ауданына қарасты Алғабас ауылында екі қабатты жеке үйде өрт шыққан болатын. Өрт сөндіру және барлау жұмыстары барысында үйден ес-түссіз жатқан үш адам эвакуацияланып, жедел жәрдем бригадасына тапсырылды. Үй ішінен 12 адамның мәйіті табылды, оның ішінде тоғыз бала бар.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл қайғылы оқиғаға байланысты көңіл айтты.