Марқұмның күйеуі Тhreads әлеуметтік желісінде жазба қалдырды.

Үстіне кондиционер құлап, қаза тапқан фельдшердің күйеуі кінәлілерді жауапқа тартуды талап етіп отыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Ұлдана Мырзуанның күйеуі Әділет Ғанибекұлы бұл іске жауаптылардың бәрі жазалануы тиіс деп санайды.

– Ешқандай медаль, ешқандай сөздер менің жүрегімнің иесін маған қайтарып бере алмайды. Үйіме нұр, құт, береке әкелген Алла қосқан адал жарымның тілеуін тілеген барша қазақ еліне алғысым шексіз. Осы уақытқа дейін Алладан жүрегімді аман алып қалуын тілеп, қасында барынша көп болып дұға еттім, сабыр қылып бәрін сабырға салдым. Енді мен соттың адал өтуін, тергеудің адал қаралуын, Құдай қосқан қосағымның жаны тыныш болуын талап етіп осыны аяғына дейін алып бару керек. Жауаптылар жазасын алу керек!, – дейді Әділет.

Айта кетейік, 18 қарашада Астананың денсаулық сақтау басқармасы үстіне кондиционер құлап зардап шеккен фельдшер қаза тапқанын хабарлады.

8 қараша күні Астанадағы тұрғын үйлердің бірінде қасбеті опырылып, адамдардың үстіне түскен болатын. Ұлдана сол күні жедел жәрдем бригадасымен келіп, үйінді астында қалған адамдарды алып шықпақ болған. Себебі үйінді астынан жылап жатқан баланың даусы естілген. Сол сәтте фельдшердің үстіне кондиционер құлаған. Ұлдана бірнеше күн ауруханада жатты. Оған ауыр ота да жасалды. Алайда, ауыр жарақат алған фельдшердің демі ауруханада үзілді.

Кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқан фельдшерді "Ерлігі үшін" медалімен марапаттады.