Енді маркетплейстерде қосарланған баға практикасы енгізіледі. Яғни тауарлар екі түрлі бағамен – бөліп төлеген кезде (рассрочка) — бір баға, бірден толық төлесе басқа бағамен көрсетіледі.
«Тұтынушылардың құқықтарын қорғау мақсатында маркетплейстерде – бөліп төлеген және бөліп төлемеген кезде қосарланған бағалар практикасы енгізіледі», – деді премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин.
Бұдан бөлек, оның айтуынша, тауар құнына кіретін сыйақы, комиссиялар мен өзге де төлемдер туралы ақпаратты ашып көрсетуді қоса алғанда, маркетплейстерде баға белгілеудің ашықтығын арттыру жөнінде шаралар қабылданады. Яғни маркетплейстерде тауар бағасына не кіретіні туралы толық ақпарат көрсетіледі.
Сонымен қатар, сатушылар мен сатып алушылар үшін әділ жағдай қалыптастыру мақсатында сауда алаңдары мен делдалдар комиссияларының деңгейін оңтайландыру тәсілдері әзірленеді. Бұл дегеніміз маркетплейстер мен делдалдардың комиссиялары қайта қаралуы мүмкін.