Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин 2027-2028 жылдары ең төменгі жалақыны көтеру мәселесі қарастырылғанын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Министр атап өткендей, халықтың табысын қолдауға бағытталған жұмысты жалғастыру жоспарланып отыр. Экономикалық белсенділігі төмен өңірлерге ерекше көңіл бөлінеді, әлеуметтік төлемдердің ашықтығы мен атаулылық бағытын арттыру шаралары қабылданады. Сонымен қатар цифрлық технологияларды пайдалану арқылы әлеуметтік қолдаудың тиімділігін арттыру көзделген.
«2027-2028 жылдары ең төменгі жалақыны көтеру мәселесі қаралады. 2026-2028 жылдары халықтың нақты табысының өсуі жылына орта есеппен 2-3 пайыздан төмен емес болады», деді Серік Жұманғарин.
Министр Үкімет квазимемлекеттік секторды оңтайландыру бойынша жұмысты жалғастыратынын да мәлімдеді. 2026 жылдың соңына дейін квазимемлекеттік сектор субъекттерін құруға мораторий қолданылады.
«Биыл Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын іске асыру аяқталуда. Одан әрі оңтайландыруға ұсынылатын мемлекеттік объектілердің жаңа тізбесі қалыптастырылды. Оған баланстық құны 2 трлн теңгеден асатын 500-ге жуық компания кірді. Оңтайландыру үш кезеңде жүзеге асырылады. Бұдан басқа, «Казақтелеком» акционерлік қоғамы мен «Qazaq Green Power PLC» акцияларын IPO/SPO-ға шығару жоспарланып отыр», деді вице-премьер.
Серік Жұманғарин макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін Үкімет пен Ұлттық банктің ақша-кредит және салық-бюджет саясатын үйлестіруді жалғастыратынын айтты.
«Бағдарламаны іске асырудың басты нәтижесі халықтың нақты табысының өсуі болуы тиіс. Жалпы, бағдарламаны іске асыру экономиканың тұрақтылығын арттыруға, қаржылық орнықтылықты нығайтуға және орта мерзімді перспективада тұрақты және сапалы өсу үшін жағдай жасауға мүмкіндік береді», деп түйіндеді министр.