ҚМДБ мәліметінше бірқатар коллаген өнімдері шариғатқа сай емес.

Қыз-келіншектер сұлулығы үшін қолданатын коллагеннің бәрі бірдей шариғатқа сай емес, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ғұламалар кеңесі кейінгі уақытта кең тараған өнімді қолдануға қатысты арнайы пәтуа шығарды.

Басқарма өкілдерінің айтуынша, қоспалардың шариғатқа сай немесе сай еместігі оның шикізатына тікелей байланысты.

Мәселен, шошқа өнімдерінен немесе шариғат жолымен бауыздалмаған жануардан алынған коллаген харам болып есептеледі. Ал адал жолмен сойылған сиыр мен қойдың, сонымен қатар балықтың негізінде жасалған түрлерін ішуге рұқсат бар.

"Қазіргі таңда коллаген косметикаларда, тағамдарда қоспа ретінде қолданылады. Егер шошқадан алынса, еті желінбейтін жануардан алынса немесе еті желінетін, бірақ шариғатқа сай бауыздалмаған жануардан алынған болса ондай коллагенді қолдануға болмайды. Ал балықтан алынса, еті желінетін жануарлар шариғатқа сай бауыздалса, бұл шариғақа сай, қолдануға рұқсат болады", – деді ҚМДБ шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Елбек Тасболатұлы.