Қазақстан U19 құрамасы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңін тең нәтижемен аяқтап, турнирдің екінші айналымына өтті.
Үшінші турда Қазақстан құрамасы Кипрге қарсы ойында алғашқы минуттарда алға шықты. 4-минутта "Қайрат" клубының 18 жастағы шабуылшысы Мансур Биркурманов есеп ашты. Алайда қарсылас команда екінші таймда есепті теңестіріп, нәтижесінде матч 1:1 есебімен аяқталды. Кипр құрамасы сапында Гиоргиос Циорцис көзге түсті.
Осылайша, Қазақстан құрамасы топтық кезеңді екінші орынмен аяқтап, Еуропа чемпионатының келесі кезеңіне тікелей жолдама алды. Екінші айналымның жеребесі 10 желтоқсанда өтеді. Кирилл Кекер шәкірттері 2026 жылдың көктемінде Еуропа чемпионатының финалына шығу үшін таласады.
Элиталық раундқа жолдама алған құрамалар: Чехия, Германия, Норвегия, Португалия, Бельгия, Дания, Швеция, Италия, Польша, Англия, Латвия, Румыния, Финляндия, Хорватия, Сербия, Украина, Австрия, Словения, Словакия, Түркия, Греция, Франция, Нидерланд, Солтүстік Ирландия.
Еуропа чемпионатының финалдық кезеңі 2026 жылдың 28 маусымы мен 11 шілдесі аралығында Уэльсте өтеді.