Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова үкімет отырысында еліміздегі ЖРВИ және тұмау бойынша эпидемиологиялық ахуалды баяндады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Министрдің айтуынша, биылғы эпидемиологиялық маусым (1 қыркүйектен бері) басталғалы елімізде ЖРВИ-дің 1 млн 461 мың жағдайы тіркелген. Бұл 2024-2025 жылдардың өткен кезеңімен салыстырғанда 20 пайызға төмен. Соның ішінде 66 пайызы 14 жасқа дейінгі балалар арасында ауырған адамар.
Соңғы аптада республикада ЖРВИ-дің 183 мың жағдайы тіркелген, 2024-2025 жылдары өткен эпидемиялық маусымының осыған ұқсас аптасымен салыстырғанда ауру жұқтырғандар 16 пайызға артқан.
Эпидемиялық маусым басталғалы бері тұмаудың зертханалық расталған жағдайы – 590, оның ішінде А типі (H3N2) – 587 (Қазақстанда 2001 жылдан бері тіркеліп келе жатқан Гонконг тұмауы), А (H1N1) типі – 3 жағдай.
"Биыл тұмаудың айналымы 41 аптада, яғни қазан айының бірінші жартысында, өткен эпидемиологиялық маусымнан сәл ертерек анықталды. Бұрын Қазақстан аумағында айналымда болмаған тұмаудың жаңа түрлері анықталған жоқ.
ЖРВИ және тұмау белгілері бар пациенттер тұмауға қарсы емес вирустарға да тексеріледі. Республика бойынша риновирус, парагрипп, аденовирус, бокавирус, коронавирус, РС вирусы, метапневмовирустердің айналымда жүргені байқалады. ЖРВИ-дің 66 пайызы 14 жасқа дейінгі балалар арасында таралған", — деді Ақмарал Әлназарова.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, соңғы аптада республикада оқушылар арасында ЖРВИ-дың 6 мыңнан астам жағдайы тіркелген. ЖРВИ-мен ауыратын науқастардың жалпы санының ішінде оқушылардың шамамен 4 пайызы ауырған.
2,1 млн адам тұмауға қарсы егілген, вакцина ағымдағы эпидемиологиялық маусымда өзекті штаммдардан, оның ішінде А тұмауының (H3N2) штаммдарынан қорғайды.
ЖРВИ және тұмаудың маусымдық өсуіне байланысты МСАК ұйымдарының жұмысы күшейтіліп, фильтр-кабинеттердің жұмысы және эпидемияға қарсы режимнің сақталуы қамтамасыз етілді.
Вирусқа қарсы және қызу түсіретін препараттардың, жеке қорғаныш құралдары мен дезинфекциялық құралдардың жеткілікті қоры бар.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз