Ал қызметін мүлде құптамайтындар үлесі 57%-ға дейін өскен.

АҚШ президенті Дональд Трамптың танымалдығы 2025 жылғы 20 қаңтардағы инаугурациясынан бергі ең төмен көрсеткішке түсті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Reuters-ке сілтеме жасап.

Трамптың төмен рейтингтері 14–17 қараша аралығында ақпараттық агенттік пен Ipsos халықаралық қызметі бірлесіп жүргізген сауалнама нәтижелері бойынша анықталды.

Сауалнамаға қатысқан респонденттердің 38%-ы Трамптың Ақ үй басшысы ретіндегі қызметін мақұлдаған. 60% қарсы пікір білдірген.

Бұл — Трамп үшін ең төмен көрсеткіш. Қаңтар айында оның рейтингі 47% болған және содан бері 40%-дан төмендемеген. Қарашаның басында жүргізілген соңғы сауалнамамен салыстырғанда, Трамптың танымалдығы 2%-ға азайған.

Зерттеушілердің айтуынша, респонденттер елдегі бағаның өсуіне және кәмелетке толмағандарды азғындыққа тартты деп айыпталған қаржыгер Джеффри Эпштейн ісін тергеу барысына көңіл толмаушылық білдірген.

Бұған дейін хабарланғандай, қазан айында АҚШ-та Трамптың танымалдығы рекордтық минимумға түскен — америкалықтар оның елдегі өмір сүру құнына әсер ететін шешімдеріне наразы болған. Ол кезде америкалықтардың тек 40%-ы қазіргі президенттің қызметін мақұлдаған.