Ақтөбеде әйел «Декретке миллионмен» курсын оқып алып, 180 млн теңгені жымқырған Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласының тұрғыны, 30 жастағы жеке кәсіпкер әйел босануына және сәби күтіміне байланысты декреттік демалысқа шығатын 41 әйелге алаяқтық жолмен әлеуметтік төлемдер алып беріп, мемлекетке 180 миллион теңгеден астам залал келтірген, деп жазады Egemen.kz.

Ол осы қылмысы үшін 5 жыл 6 ай мерзімге сотталды .Мұғалжар аудандық сотының хабарлауынша, сотталушы есеп-қисап және салықтық төлемдерді жүргізуді «Декретке миллионмен» курсынан оқып алып жүзеге асырған. Ол Ақтөбе, Маңғыстау, Қызылорда, Түркістан облыстарының декреттік демалысқа шығатын әйелдерін өз фирмасына тіркеп, олардың атынан зейнетақы жарнасы мен әлеуметтік төлемдер төлеп отырған.

Тексеру барысында осы іске қатысқандардың ешқайсысы да жеке кәсіпкердің қарамағында жұмыс істемегені анықталып, Қылмыстық rодекстің ірі көлемдегі алаяқтық бабымен қылмыстық іс қозғалды. Сот процесінде прокурор сотталушыға 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды ұсынды. Алайда аудандық сот судьясы жаза мерзімін төмендетіп, айыпталушының балалары 14 жасқа жеткенге дейін түрмеге қамалмайтыны туралы шешім шығарды.

Сот үкімі күшіне енгеннен кейін Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының Ақтөбе филиалы заңсыз декреттік төлемдер алған 41 әйелден қаражатты кері қайтаруды талап етпекші.

Айта кету керек, осы жылдың жазында Ақтөбе қаласының соты заңсыз декреттік төлемдер алып берген екі есепшінің ісін қарады. Олар да жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, оннан астам әйелді 13 жеке кәсіпкердің қарамағына «жұмысқа орналастырып», мемлекеттен 98 миллион теңге әлеуметтік төлем алып берген.

Қазіргі уақытта олар заңсыз иеленген әлеуметтік төлемдерді қайтарып жатыр. Бұл іс бойынша алаяқтыққа барғандардың да bнтернеттен «Декретке миллионмен» курсын оқып, әрекет еткендері белгілі болды.