30 қарашада Гиза қаласында өтетін "The Pyramids Echo" фестивалі аясында Димаш Құдайберген екі сағаттық жеке концерт береді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Мысырда өнер көрсетпес бұрын қазақстандық өнерпаз фестиваль ұйымдастырушыларының сұрақтарына жауап берді.

"Тарих пен бүгінгі күн, Қазақстан мен Мысыр арасындағы байланысты сезінесіз бе" деген сұраққа ол былай жауап қатты:

"Мен Қазақстаннан, Ақтөбе қаласынанмын. Мені тек ата-анам ғана емес, ата-әжем де тәрбиеледі. Бала кезімізден мен, қарындасым, інім үшеуміз халқымыздың дәстүрлері жайлы көптеген әңгімелер тыңдап өстік. Үлкендер бізге мақал-мәтелдердің мәнін түсіндіріп, өткеннің даналығын ән-күй арқылы — домбыра, қобыз және ұлттық аспаптарда орындалатын дәстүрлі әндер мен күйлер арқылы үйретті. Біздің еліміз де Мысыр сияқты көне тарихқа ие, бірақ заманауи әлеммен бірге ілгерілеп келеді. Сондықтан, иә, мен екі халық арасында ерекше рухани байланыс бар деп сезінемін. Өткеніміз болмаса, бүгініміз де болмас еді".

Сондай-ақ Димаш Мысырда бірінші рет болатынын да жасырмады:

"Иә, Мысырға алғаш рет келуім. Өкінішке орай, бұған дейін турист ретінде де болмаған екенмін. Сондықтан дәл қазір осында болып, осы фестивальде еліміздің мәдениетін таныстырып отырғаныма өте қуаныштымын".

Dimashnews.com басылымында жарияланған сұқбатта Димаш музыка халықтар мен мәдениеттерді жақындастыруда қандай рөл атқаратындығына да тоқталады.

"Әлемнің кез келген жеріндегі — Қазақстандағы, Еуропадағы немесе Америкадағы болсын концерттерімнің біріне келсеңіз, әртүрлі елдерден жиналған адамдардың бірге отырғанын көресіз. Олар түрлі тілдерде ән айтады: қытайлық жанкүйерлер — орысша, испандықтар — французша, ал барлығы бірге — қазақша ән шырқап жатқанын көресіз. Менің ғажайып Dears жанкүйерлерім — музыканың сөзсіз-ақ қаншама жүректерді біріктіре алатынының ең жақсы дәлелі". Димаш Құдайберген

Бұған дейін Димаш Құдайберген Лондондағы жеке концерт алдында The Upcoming атты британдық басылымға сұқбат берген болатын.