Дәрігер, Medsupport.kz қоғамдық қорының басшысы Ботагөз Кәукенова 2025 жылғы 18 қарашада өткен брифинг барысында ересектерге адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы екпесі қандай артықшылық беретінін айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ботагөз Кәукенова өз басынан өткен жеке тәжірибесімен бөлісті.

"Мен ересек кезімде екпе алдым, яғни 30 жасымда, бұл екі жыл бұрын болатын. АҚШ-та дәрігерлер мүмкіндік болса, 40 жасқа дейін АПВ-ға қарсы вакцина алып алуды ұсынады. Егер вакцинаға деген қолжетімділік болса, оны алып алған дұрыс", – дейді ол.

Оның айтуынша, қазір ең жақсы вакцинаға деген қолжетімділік бар.

"Төрт валентті, тоғыз валентті және тағы солай кете береді. Егер сізде барлығына қолжетімділік болса, онда, әрине, тоғыз валенттісі жақсы, өйткені онда вирустың түрі көп. Вирустар бірнешеу, бірақ қатерлі ісік тудыруы мүмкін ең қауіпті тоғыз вирус бар, міне солар вакцинада бар", деп түсіндіреді дәрігер.

ДДСҰ елдік кеңсесінің Иммундау бағдарламасының ұлттық үйлестірушісі Қанат Сұханбердиев жыныстық тұрғыда белсенді адамдарға да бұл вакцинадан пайда барын айтады.

"Егер әйел жыныстық қатынаста болса, вакциналау оны құтқара алады, бірақ егер инфекция оған дейін жұққан болса, егер ол сол вируспен өмір сүріп жатса, онда вакциналау тиімсіз болуы мүмкін. Сондықтан екпе жасатпас бұрын алдымен тексеріліп алған жөн, АПВ-ның бар-жоғын анықтау үшін қан тапсырған дұрыс, ал олардың 200 түрі бар", — деп кеңес береді сарапшы.

Денсаулық сақтау министрлігі Вакцинамен басқарылатын инфекцияларды бақылау басқармасының басшысы Нұршай Әзімбаева 2024 жылдың қыркүйегінен бастап Қазақстан бойынша 300 мыңға жуық екпе жасалғанын мәлімдеді.

"183 мың қыз бірінші дозаны, 113 мың қыз екінші дозаны алды. Қыздарына белсенді түрде екпе салдыртатын аймақтар да бар. Әсіресе, оңтүстік аймақтарда. Бірақ, өкінішке қарай, еліміздің батысы мен солтүстігінде қамту деңгейі өте төмен, шамамен 30-40%", – дейді ол.

Бұған дейін Нұршай Әзімбаева жатыр мойны обырын тудыруы ықтимал адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы вакцинаға қатысты ата-аналардың алаңдаушылығын негізге ала отырып, жауап берген болатын.