Астанада көпқабатты үйдің қасбеті құлауы салдарынан ауыр жарақат алған 23 жастағы фельдшер көз жұмды, деп хабарлайды елорданың Қоғамдық денсаулық сақтау департаментіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің баспасөз қызметі өкілінің NUR.KZ тілшісіне хабарлауынша, қасбет опырылып, жарақат алған фельдшер қайтыс болды.
"Тұрғын үй кешенінің қасбетіндегі кірпіш қаптамасы мен кондиционер қондырғысының бөлігі құлауының салдарынан қызметтік міндетін атқару кезінде ауыр жарақат алған фельдшердің қайтыс болғанын қайғыра хабарлаймыз.
Пациент 8 қарашадан бері ауыр жағдайда жансақтау бөлімінде жатты, оған барлық қажетті медициналық көмек көрсетілді. Өкінішке қарай, алған жарақаттарының зардабы ауыр болды", — деді денсаулық сақтау басқармасының өкілдері
Естеріңізге сала кетейік, 8 қарашада Астанада тоғыз қабатты тұрғын үйдің қасбетінен сыртқы қаптама кірпіш пен кондиционер құлаған еді. Құтқарушылар зардап шеккендерді шығарып, жедел жәрдем бригадасына тапсырды.
Белгілі болғандай, оқиға орнында жедел жәрдем фельдшері зардап шекті. Ол ер адамды үйінді астынан алып шықпақ болған кезде оның басына тоғызыншы қабаттан кондиционер құлап кеткен. Жәбірленушіге бассүйек трепанациясы жасалды.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз