2025 жылғы 18 қарашада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эстония Президенті Алар Карис қазақ-эстон бизнес-форумында сөз сөйледі, деп хабарлайды Zakon.kz.
Ақорданың мәліметінше, Мемлекет басшысы Қазақстан мен Эстонияның іскерлік топ өкілдері қатысып жатқан бизнес-форум сауда және инвестиция саласындағы екіжақты ықпалдастықты жандандыруға септігін тигізетініне сенім білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев көлік-логистика, цифрландыру, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, қаржы және білім беру салаларындағы өзара тиімді серіктестіктің перспективті бағыттарына тоқталды. Сондай-ақ елімізде эстониялық бизнестің кеңеюіне жан-жақты қолдау білдіруге дайын екенін растады.
Жиында Эстония Президенті Алар Карис те сөз сөйледі.
Бизнес-форум аясында екі ел компаниялары жалпы құны 517 миллион доллардан асатын 11 коммерциялық құжатқа қол қойды.
Эстония Президенті 17 қараша күні Астанаға келді. Сол күні мемлекет басшылары келіссөз жүргізіп, экономикалық ынтымақтастықтың басым бағыттарын талқылады.