Тұрғын үй иесі емес мекенжайға тіркелу жағдайында жүйе үй иесіне 1414 нөмірінен SMS-код жібереді.

Қазақстанда тұрғылықты жері бойынша тіркеудің жаңа қағидалары 24 қарашадан бастап күшіне енеді. Бұл туралы "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ хабарлап отыр.

Енді азаматтарды тіркеу тек онлайн форматта – eGov.kz порталы мен eGov Mobile мобайл қолданбасы арқылы жүзеге асырылады. Жаңа ережелер бойынша, қызмет мына азаматтар санатына қолжетімді:

  • Қазақстан азаматтары, оның ішінде тұрғын үй иелері;
  • 18 жастан асқан әрекетке қабілетсіз азаматтардың қорғаншылары мен заңды өкілдері;
  • 14–16 жас аралығындағы балалардың ата-аналары немесе заңды өкілдері.

14 жасқа дейінгі балалар жеке тіркелмейді, себебі олардың тұрғылықты жері ата-анасының мекенжайымен бірдей болып есептеледі.

14–16 жас аралығындағы балаларды тіркеуді ата-анасы немесе қамқоршысы жүргізе алады. Сот шешімімен әрекетке қабілетсіз деп танылған ересектерді де қорғаншылары онлайн түрде тіркей алады. Мемлекеттік жалдамалы тұрғын үй иелеріне қатысты да өзгеріс бар: жалға алушы шартта көрсетілген адамдарды ғана тіркей алады. Егер өтініш беруші тізімде болмаса, жүйе өтінішті автоматты түрде кері қайтарады.

Тұрғын үй иесі емес мекенжайға тіркелу жағдайында жүйе үй иесіне 1414 нөмірінен SMS-код жібереді. Иесі бір сағат ішінде тіркеуге келісімін растауға тиіс.


Оқи отырыңыз: Оқушыларды EGov порталы арқылы мектептен мектепке қалай ауыстыруға болады


Онлайн тіркелу жолы

eGov.kz арқылы:

  • Порталда авторизациядан өту.
  • "Азаматтық, миграция және иммиграция" бөліміне кіру.
  • Электрон өтініш толтыру және ЭЦҚ немесе SMS-кодпен қол қою.
  • Нәтижені жеке кабинеттен тексеру.

eGov Mobile арқылы:

  • "Мемлекеттік қызметтер" бөліміне кіру.
  • "Жылжымайтын мүлік және ТКШ" → "Азаматтарды тұрғылықты жері бойынша тіркеу" қызметін таңдау.
  • Деректерді енгізіп, өтінімге қол қою.
  • Өтінім мәртебесін "Хабарламалар" бөлімінен бақылау.

Офлайн көрсетілетін жағдай

Егер тұрғын үйдің меншік иесі кәмелетке толмаған бала немесе әрекетке қабілетсіз азамат болса, тіркеу тек ХҚКО-да жүргізіледі.

2025 жылдың басынан бері онлайн-тіркеу қызметін 750 мыңға жуық адам пайдаланған. Бұл – барлық көрсетілген қызметтердің 70%-дан астамы.