Ол соңғы жекпе-жегін 2022 жылы 7 қазанда өткізген еді.

Боксшының сол кездегі қарсыласы аргентиналық Хавьер Франциско Масиель болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Қазақстандық әйгілі спортшы, Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері Қанат Ислам ұзақ үзілістен соң, рингке қайта оралуға шешім қабылдады.

41 жасты еңсерген кәсіпқой боксшы Ali Akhmedov Promotions ұйымдастыратын Fight Night кәсіпқой бокс кешінің көркін қыздырмақ. Бокс тойы 27 желтоқсан күні Алматыдағы "Балуан Шолақ" спорт кешенінде ұйымдастырылады. Қанат Исламның кіммен жұдырықтасатыны әзірге белгісіз.

Боксшы кәсіби мансабында 29 жекпе-жек өткізген. Оның 27-сінде жеңіс тойын тойласа, бір рет жеңілістің кермек дәмін татты, бір жекпе-жекте тең түсті.

Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері атағын иеленген Қанат Ислам – WBA Inter-Continental, WBO NABO, WBO Inter-Continental, WBA Fedelatin және WBA Fedecaribe сияқты белбеулердің иегері. Бір уақыттары WSB лигасындағы "Astana Arlans" командасының капитаны ретінде де танылды.