Сот алаяқтық жасаған әйелге қатысты үкім шығарды.

Астанада жергілікті тұрғын көлік сатуға қатысты алаяқтық схемасын ойлап тапқан, деп жазады inbusiness.kz сайты Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Күдікті әйел жәбірленушілерді шетелде таныстары бар екені туралы жалған ақпаратқа сендіріп, автокөлік сатып алуға ниет білдірген азаматтарға тиімді баға ұсынған. Ол алдын ала толық төлем жасағандарға Оңтүстік Кореядан тиімді бағамен автокөлікке тапсырыс беруді ұсынған.

"Алайда жәбірленушілерге берілген көліктер автокөлікті жалға беру компанияларынан уақытша пайдалануға алынғаны анықталды. Мәселен, алаяқ жәбірленушіден 4 көлікті жеткізу үшін 14,5 миллион теңге алған, ал көліктерді ресми түрде тіркеу алдағы уақытқа болжанған. Бұл ретте айыпталушы қылмыстық әрекеттерін жасыру мақсатында көліктерді жалға алу ақысын сырттай төлеп жүрген", – делінген хабарламада.

Әйелдің алаяқтық әрекеттерінен 70-тен астам адам зардап шеккен, жалпы шығын 420 миллион теңге болады.

Сотта күдіктінің қылмыстық ниетін орындау мақсатында автокөліктерді жалға беру шартын жасасып, ұрланған ақшалай қаражатты өзінің жеке мақсаттарына пайдаланғаны дәлелденді.

Сотталушы өз кінәсін толық мойындады.

Сот айыпталушыға 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындады. Жәбірленушілердің азаматтық талаптары қанағаттандырылды.