23 қараша күні Римде World Boxing ұйымының жаңа президенті тағайындалады.

Бұған дейін Геннадий Головкин кәсіби мансабын толық аяқтамас бұрын қоштасу жекпе-жегін өткізуі мүмкін екенін айтқан болатын. Осы орайда Головкин BBC арнасына берген сұхбатында World Boxing президенттігіне сайланса, мансабын аяқтайтынын мәлімдеді.

"Егер менің World Boxing президенті қызметіне үміткерлігім сәтті болып, сайлауда жеңіске жетсем, ресми түрде мансабымды аяқтағанымды жариялаймын. Дегенмен, қайта оралу мүмкіндігі әрдайым бар. Себебі үнемі формада болып, спорттық өмір салтын ұстанамын. Сондықтан рингке қайта шығу нұсқасын толықтай жоққа шығармаймын", - деді 43 жастағы былғары қолғап шебері BBC арнасына берген сұхбатында.

Естеріңізге сала кетейік, Геннадий Головкин соңғы рет 2022 жылы Сауль "Канело" Альвареспен өткен үшінші жекпе-жекте рингке шыққан. Аталған кездесуде қазақстандық боксшы қарсыласына есе жіберді.

Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің төрағасы қызметін атқарып жатқан Головкин кәсіби мансабын ресми түрде аяқтағанын әлі жариялаған жоқ.