Алдын ала мәлімет бойынша, үй иесі 17 қараша күні тойханада баласының сүндет тойын өткізген.

Түркістан облысының Жетісай ауданында жеке үйде болған жойқын өрттен кейін "өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу" фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы облыстық полиция департаменті хабарлады.

"Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тергеу қорытындысы бойынша тиісті процессуалдық шешім қабылданады", – делінген ведомство таратқан ақпаратта.

Түркістан облысы Жетісай ауданы Алғабас ауылындағы жеке үйде болған өрттің себептерін тергеп-тексеру жөніндегі Үкіметтік комиссия құрылды. Комиссияға премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев төрағалық етеді.

"Комиссия құрамына Төтенше жағдайлар, Ішкі істер, Денсаулық сақтау, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің, Түркістан облысы әкімдігінің басшылығы енгізілді", – деп жазылған үкіметтің хабарламасында.

Қаза тапқандардың арасында 34 жастағы үй иесі, 31 жастағы жұбайы және олардың 5 баласы бар. Бұған қоса, үй иесінің 61 жастағы анасы мен ағасы жансақтау бөлімінде жатыр. Ал ағасының әйелі мен төрт баласы тілсіз жаудан қаза болған. Тағы бір баласы жансақтау бөлімінде ем қабылдап жатыр.

Алдын ала мәлімет бойынша, үй иесі 17 қараша күні тойханада баласының сүндет тойын өткізген. Тойдан кейін ағайынды екі отбасы өрт шыққан үйге бірге келіп қонғаны айтылды.


Оқи отырыңыз: Тоқаев Жетісайда өртте 12 адамның қаза табуына байланысты көңіл айтты


Еске салайық, қайғылы оқиға салдарынан 12 адам – соның ішінде тоғыз бала – қаза тапты. Өртті барлау және сөндіру барысында құтқарушылар үйден ес-түссіз жатқан үш адамды тауып, жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырған. Олар түрлі дәрежеде зардап шеккен.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқандардың жақындарына көңіл айтып, үкімет пен облыс басшылығына зардап шеккендерге барлық қажет көмекті көрсетуді және оқиғаны толық тергеуді тапсырды.