Биыл көктен иіп, жерден беріп, өңір диқандары мол табысқа кенелді . Ырыздық жорығына қатысқан жігерлі жастар да аз емес. Соның бірі – комбайншы Диас Біләлов. Ол орақ науқаны кезінде 1 830 гектар алқаптың егінін орып, 4 920 тонна астық бастырды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Таяуда жас комбайншы ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің екінші форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

Ел игілігін еселеуге үлес қосқан Диас Әбжанұлы «Фирма Алмаз-Агро» серіктестігінде үшінші жыл еңбек етеді. Орта арнаулы білімі бар. Көптеген ауыл балалары тәрізді техникаға деген құмарлық ерте пайда болған. Алдыңғы толқын ағаларының жан аямай жұмыс істеп жүргенін көріп, өзі де нақ солардай болуға тырысқан. Асылында алдынан жұмыс үркіп отыратын еңбекқор адамдардың іс-қимылы кейінгі толқынға әдемі өнеге.

«Бізде озат жұмысшылар өте көп. Олар өздеріне тапсырылған кез келген шаруаны тап-тұйнақтай етіп орындайды және механизаторлардың көпшілігі техниканың барлық түрін тізгіндеп, жұмыс істей береді. Ал комбайнда істеу қызық әрі қастерлі. Көз алдыңызға елестетіп көріңізші, күзгі дала, масақтағы дәнін әзер көтеріп тұрған егін алқабы. Сәл ғана жел көтерілсе теңіздей толқиды. Ырыс тұнған, мол дәулетке бөккен жомарт жер. Егер егістік алқабында бір тал арамшөп болмаса тоқтамай шаба бергің келеді. Қазіргі біздің көрсеткіштерімізге аға толқынның сәл таңырқап қарайтыны бар. Оның сыры белгілі. Жаңа заманғы қуатты техникалардың еңбек өнімділігі өте жоғары», дейді Диас Әбжанұлы.

Жаңатұрмыс ауылының маңы қарбаласы көп қоңыр күзде еңбек жырын шертіп тұрады. Дархан даланы адам көңілін елегізетін еңбек әуені тербеткен кезде сол жорыққа қатысқан ерлердің де еңсесі көтеріле түседі.

«Ұжым өте ұйымшыл. Әр сәті шешуші шаққа айналған көктемгі егіс, күзгі егін орағы кезінде уақытпен санаспай еңбек етеміз. Мынау сенің, мынау менің жұмысым деу жоқ, бәрі ортақ. Серіктестік еңбек етуімізге жақсы жағдай жасап отыр. Еңбекақымыз толымды, уақытында қолымызға тиеді», дейді жас комбайншы.

Жиырмадан жаңа асқан жас жігіттің ел ішінде абыройға бөленуі адал еңбегінің арқасында деуіміз керек. Алда қаншама ғұмыр бар. Сол жолда қос қолытығынан көтеріп демейтін, алға ұмтылдыратын құдірет – өзінің бойындағы адал еңбекке деген ұмтылысы.