Бұл туралы "Самұрық-Қазына" АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов Ақорда кулуарында мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Қазақстандық "Тау-Кен Самұрық" компаниясы Руанда және Ауғанстан аумақтарында сирек және сирек жер металдарын барлау жұмыстарын бастап кетті. Оның айтуынша, шетелдік әріптестер тарапынан үлкен қызығушылық бар және екі елде нақты жұмыстар жүріп жатыр.

– Руанда бойынша біз олардың мемлекеттік органымен әріптестік орнатып, бес перспективалы аймақты анықтадық. Ол жерлерге бару үшін мемлекеттік компаниясымен бірлескен кәсіпорын құру қажет. Біз барлық құжаттарды мақұлдап, руандалық тарапқа жібердік, – деді Нұрлан Жақыпов.

Қазақстан руандалық серіктестердің шешімін жыл соңына дейін күтуде. Келісім бекітілсе, бірлескен кәсіпорын пайдалы қазбаларды барлау және өндірумен айналысады.

– Ауғанстанда да жұмыс жүріп жатыр. Біз екі учаскеден сынама алдық, олар жақсы геологиялық нәтиже көрсетті. Әзірге өндіру туралы айту ерте, қазір жергілікті серіктестермен лицензиялық мәселелерді талқылап жатырмыз, – деді қор басшысы.

Сынамалар шілде айында алынған, зертханалық сараптама қыркүйекте жүргізілген. Алайда қандай пайдалы қазбалар табылғаны әзірге жария етілмеді.

– Қазақстан үшінші елдерден келетін шикізатты терең өңдеуді дамытып, сирек және сирек жер элементтерін өндіру бойынша өз өндірістік қуаттарын жүктеу жоспарын қолға алып отыр, – деді Жақыпов.