Құрылыс кодексін талқылау жөніндегі жұмыс тобының отырысына онлайн қосылған маманның бұл әрекеті қоғамда көп талқыланды.

Бейнежазбаны депутат Болатбек Әлиев жариялаған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Оның сөзінше, аталған жағдай депутатты ыңғайсыз жағдайға қалдырмаған, тиісінше, қазіргі талқылаулардың ашықтығын дәлелдесе керек-ті.

– Бейсенбі күні құрылыс кодексі бойынша жұмыс тобының отырысында бір қызық жайтқа көзім түсті. Талқылауға қосылған мамандардың бірі кәдімгі үй жағдайында, майкамен отыр. Қолында – тамағы, жанында – сусыны. Солай отырып бізді тыңдап, талқылауға қатысып отыр. Бір сәт ойланып қалдым. Бұл – тәртіпсіздік емес, қолжетімділіктің белгісі, – дейді ол.

Десе де, халық қалаулысы бұған дейін мұндай жайтқа ешқашан тап болмағанын ашық мәлімдеп отыр.

– Қазір біз қандай форматта жиналсақ та, кәсіби орта өкілдері дәл сол уақытта пікірін қоса алады. Кім кеңседе, кім жолда, кім үйде, бәрібір. Бастысы, қатыса алады. Бұл – Мәжілістің ашық, қолжетімді және шын мәнінде демократиялық жұмыс жүргізіп жатқанының нақты дәлелі. Біз заңды кабинетте емес, саланың өз мамандарымен бірге ашық талқылап, айтысып, дәлелдеп жасап отырмыз. Шынымды айтсам, назар аудармай қала алмадым. Тіпті, видеоға түсіріп алдым. Өйткені, бұл – бүгінгі реформалардың мәнін көрсететін сәт, – деп жазды Болатбек Әлиев.

Дәл осы жағдайға қоғамның пікірі қақ жарылды. Желідегілердің бір бөлігі отырысқа қатысушыны жерден алып, жерге салып жатыр. Кейбірі ақтап алуға тырысса, енді бірі депутатты қолдаған кейіпте жазба қалдырған.