АЭС атауына арналған ұлттық байқау қорытындыланды .

Қазақстанда елдегі алғашқы атом электр станциясына атау беру бойынша жалпы халықтық конкурс өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Атом энергиясы жөніндегі агенттігі.

Байқау мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2025 жылғы 25 қыркүйек пен 10 қазан аралығында eGov Mobile платформасында өтті.

Конкурс комиссиясының қорытынды шешімі бойынша азаматтардан ең көп ұсынылған "Балқаш" атом электр станциясы" атауы жеңімпаз деп танылды. Бұл атау халықаралық тәжірибеде қолданылатын географиялық нысан бойынша АЭС атау беру қағидаттарына да сай келеді.

Байқауға 16 жастан асқан 27 157 қазақстандық қатысты. Әр қатысушы бір ғана атау ұсынуға мүмкіндік алған. Барлық өтінімдерді талдау барысында 10 460 бірегей нұсқа тіркелді. Комиссия кириллица, латын графикасы және мағыналас сөздер бойынша әртүрлі жазуларды да ескерген.

2025 жылғы 5 қыркүйекте құрамына қоғам өкілдері, креатив индустрия мамандары, атом энергетикасы, филология және тарих салаларының сарапшылары кіретін Конкурс комиссиясы құрылған болатын.


Оқи отырыңыз: Алматы облысында екі АЭС салынады. Тағы біреуі БҚО-да бой көтеруі мүмкін


Топ-100 танымал нұсқаны қараған комиссия "Балқаш" атауын қолдаған 882 өтінімнің көпшілік дауыспен алға шыққанын жеткізді. Осылайша, "Балқаш" атом электр станциясы" атауы конкурстың ресми жеңімпазы атанды.

Сонымен қатар комиссия нысанның орыс және ағылшын тіліндегі атауларын бекітті:

  • "Атомная электростанция "Балхаш";
  • "Balkhash Nuclear Power Plant".