GGG өзінің соңғы жекпе-жегін Қазақстанда өткізгісі келетінін мәлімдеді.

Орта салмақта бұрынғы әлем чемпионы Геннадий Головкин кәсіби мансабында тағы бір рет өнер көрсетуге ниет білдіріп отыр, деп жазады inbusiness.kz сайты 1bol.kz спорт порталына сілтеме жасап.

Жерлесіміз 2022 жылы 17 қыркүйекте Лас-Вегаста мексикалық Сауль Канело Альварестен жеңілгеннен кейін рингке шықпады. Дегенмен, сол уақытта танымал спортшы ресми түрде мансабын аяқтағанын жариялаған жоқ.

2024 жылдың 26 ақпанында Головкин Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті болып сайланды, ал қыркүйекте World Boxing-тің Олимпиадалық комиссиясының төрағасы атанып, бокстың Олимпиада бағдарламасында қалуына үлкен үлес қосты.

43 жастағы Головкин соңғы жылдары спорттық қызметкер ретінде жұмыс істеді. Asia Boxing президенті Пичаи Чунхаваджирамен кездесуде ол Қазақстанда соңғы рет жекпе-жекке шығу мүмкіндігін қарастырып жүргенін айтты.

"Мен боксты білемін. Бокс – менің өмірім. Мен әрқашан барымды салып еңбек еттім. Иә, мен қазір 43 жастамын, бірақ әлі де бокстап жүрмін. Мүмкін, тағы бір жекпе-жегімді Қазақстанда өткізермін", – деді Головкин.