Оқиға Әуезов ауданының Сайран көлі жағында тіркелген.
Қалалық төтенше жағдайлар департаменті жарылыс себебін трансформатордың өртенуімен байланыстырады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Алматылықтарды алаңдатқан жарылыс сынды тарсыл жарықтың өшуіне алып келді.
Төтенше жағдайлар департаменті 08:53-те Өтеген батыр көшесі, 76-үйдің маңында трансформатор жанып жатқаны туралы хабарлама түскенін мәлім етті.
Оқыс оқиғаға өрт сөндіру бөлімдері жедел жетіп, трансформатор подстанциясында 0,2 шаршы метр аумақ өртеніп жатқанын анықтаған. Сол себепті, электр желісі қызметкерлері нысанды тоқтан ажыратып отыр.
Өрт орнына 9 құтқарушының барғаны жайлы ақпарат кездеседі. Олар қауіпсіздік техникасын сақтай отырып, тілсіз жаумен алысып жатыр. Төтенше жағдайлар департаменті қазіргі уақытта ашық жалынның жоқтығын хабарлады.