Алматының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбекке қатысты тергеліп жатқан қылмыстық істер жайлы Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесовтен сұралды, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мәжіліс кулуарында Елемесовке "Қоспаевтың қылмыстық тобы Бауыржан Байбектің әкесіне жылжымайтын мүлікті арзан бағамен сатты" деген ақпаратқа байланысты пікір білдіру сұралды.
"АФМ тарапынан Байбек отбасы бойынша қандай да бір қаржылық тергеу жүргізіліп жатыр ма?" – деген сұрақ қойылды.
"Байбекке қатысты, оның ішінде әкесіне де, өзіне де қатысты тіркелген қылмыстық іс бізде жоқ. Қоспаевқа келсек – сот үкімі шықты. Бірқатар мүлік тәркіленді. Сонымен қатар кейбір тұлғаларға қатысты әлі құқықтық баға берілетін жеке қылмыстық іс те бар", – деп жауап берді Жеңіс Елемесов.
Оның айтуынша, бұл тұлғалардың қатарында Қоспаевтың ұйымдасқан қылмыстық тобына активтерді жасыруға және тығуға көмектескен лауазымды тұлғалар бар.
Бұған дейін хабарланғандай, Алматының экс-әкімі Бауыржан Байбектің әкесінің есімі Елдос Қоспаевтың ұйымдасқан қылмыстық тобына қатысты сот құжаттарында аталған. Бұл – сәуір айының соңында сотталған Айбек Қоспаев ісіндегі мәліметтерден белгілі болған.
2024 жылдың қаңтарында Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотында Елдос Қоспаев пен оның ұйымдасқан қылмыстық тобына қатысты үкім шығарылған. Айыпталушылар орындығында 11 адам отырған.
Елдос Қоспаев 15 жылға бас бостандығынан айырылып, мүлкі (пәтерлер, жер телімдері, көліктер және коммерциялық нысандар – ред.) тәркіленді. Айдос Қоспаев 12 жылға сотталды. Басқа қатысушылар да 9 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз