Иран Ұлыбритания, Германия және Франциямен ядролық бағдарлама бойынша талқылауларды тоқтатады.

Бұл шешім аталған елдердің БҰҰ-ның Иранға қарсы санкцияларын қалпына келтіруге арналған snapback тетігін іске қосу әрекетінен кейін қабылданды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.

— АҚШ-пен келіссөз тақырыбы — "еуроүштікпен" жүргізілген келіссөздерге қатысы жоқ бөлек мәселе. Snapback механизмінен кейін біз еуропалықтармен ядролық бағдарлама жөніндегі талқылауларды тоқтату туралы шешім қабылдадық, себебі олардың әрекеті халықаралық құқыққа қайшы. Еуропамен қарым-қатынас жалғасады, бірақ ядролық бағдарлама талқыланбайды, оның ішінде Германия БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі емес, — деді Иран сыртқы істер министрінің орынбасары Саид Хатибзаде.

26 қыркүйекте БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Иранмен ядролық келісімді қолдайтын 2231-қарарының мерзімін алты айға ұзартуды ұсынған Ресей мен Қытайдың қарар жобасын қабылдаудан бас тартты. 28 қыркүйекте Қауіпсіздік Кеңестің Иранға қарсы санкциялары күшіне енді.

29 қыркүйекте Еуропалық одақ кеңесі де "еуроүштіктің" әрекеттеріне ұқсас Иранға қатысты санкцияларды ішінара қалпына келтіру туралы шешім қабылдады. Санкциялық тізімге енгізілген тұлғалар мен ұйымдарға ЕО-ға кіруге тыйым салу, активтердің бұғатталуы, сауда шектеулері, сондай-ақ еуропалық әуежайлардың ирандық жүк рейстеріне қызмет көрсетуіне шектеу қою сияқты шаралар қарастырылған.