Петропавлда әйелі мен балаларын соққыға жығып, әйелдердің ішкиімімен түсірілген ерсі видеолар жариялап жүрген ер адамға сот бір жыл бойы әйелі мен балаларының келісімінсіз оларға жақындауға тыйым салды, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұған дейін көпбалалы анаға жасалған зорлық дерегі туралы хаюарланған. "НеМолчи.kz" қорының өкілдері әйелдің күйеуі оны көп жылдар бойы азаптап, соның салдарынан әйел мүгедек болып қалғанын айтқан. Сондай-ақ, қор қызметкерлері ер адамның әлеуметтік желілерге жүктеген видеоларынан скриншоттарды қоса жариялады. Кадрларда ер адам әйелдердің ішкі киімін киіп түсірілген.

Осыдан кейін жәбірленуші анасын паналап қашып кеткен, ал кәмелетке толмаған бес бала әкесімен бірге қалған.

Полицияның әрекеті

Бұл жағдайға полиция қызметкерлері де жауап қатты. Олар қорғаншылық және қамқоршылық органдарының мамандарымен бірге отбасы тұратын жерге барған. Әйелдің арызы бойынша отбасы-тұрмыстағы қатынастар саласындағы құқыққа қарсы әрекеттер үшін әкімшілік іс қозғалды.

Жақындамау туралы шешім қабылданды

Солтүстік Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавл қаласының арнайы әкімшілік соты ер адамға қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 73-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік істі қараған.

"2025 жылғы 3 қарашада құқық бұзушы үйінде жанжал шығарып, бірге тұратын әйелін балағаттаған. Осылайша ол отбасылық-тұрмыстық қатынастарда тұрған адамды құрметтемей, оның тыныштығын бұзған. Бұл әрекет қылмыстық жазаланатын әрекет белгілеріне жатпайды", – делінген сот қаулысында.

Ер адам өз кінәсін толық мойындады. Жәбірленуші мән-жайды растады және күйеуін жауапкершілікке тартуды сұрады. Екі тарап татуласқан жоқ.

Сот ер адамды кінәлі деп танып, оны бес тәулікке әкімшілік қамауға алуға шешім шығарды. Бұдан бөлек, сот оның мінез-құлқына қатысты ерекше талаптар белгілеп, жұбайы мен балаларының келісімінсіз кездесуге тыйым салды.

"Петропавл қаласының полиция басқармасының мінез-құлқына ерекше талаптар белгілеу туралы өтініші ішінара қанағаттандырылсын. 12 ай ішінде құқық бұзушыға жәбірленушінің еркіне қарсы оны іздеуге, тиісуге, оларға баруға, ауызша және телефон арқылы сөйлесуге, өзге де тәсілдермен байланыс орнатуға, сонымен қатар, оның отбасының кәмелетке толмаған және (немесе) әрекетке қабілетсіз мүшелерімен де байланыс орнатуға тыйым салу түрінде ерекше талаптар белгіленсін. Сондай-ақ, тұрғылықты жері бойынша медициналық ұйымдарда психологиялық көмек алу шаралары белгіленсін", – делінген сот қаулысында.

Қаулы жарияланған сәттен бастап заңды күшіне енді.

Одан әрі не болады және балалар қайда?

Бұдан бөлек, Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті өкілдері ер адамға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

"Полиция 38 жастағы Петропавл тұрғынының соққыға жығу дерегі бойынша жазған арызын жан-жақты тексеруді жалғастырып жатыр. Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды, оның аясында барлық қажет тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, құқық бұзушыға қатысты материалдар кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның отырысында қарау үшін қала әкімі жанындағы комиссияға жолданды", – деп түсіндірді СҚО ПД бастығының міндетін атқарушы Асқар Мұхаметқалиев.

Ол бұл жағдайдың құқық қорғау органдары мен қамқоршылық органдарының бақылауында екенін айтты.

"Әйел мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық шара толық қабылданды. Қазір балалар анасының қасында, әжесінің үйінде", – деп атап өтті Асқар Мұхаметқалиев.

Полиция бұған дейін соққыға жығу дерегі бойынша ішкі істер органдарына арыз түспегенін айтты. Сонымен қатар, мұндай жағдайлардың бәрінде дереу 102 нөміріне қоңырау шалу қажеттін еске салады. Әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық дерегі бойынша 111 нөмірі арқылы республикалық сенім телефоны да жұмыс істейді.

Айта кетейік, қозғалған қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 109-1-бабы ("Соққы") бойынша тергеліп жатыр. Бұл бап бойынша ірі мөлшердегі айыппұлдан 50 тәулікке дейінгі қамауға алуға дейін жаза көзделген.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Logotype Massaget