Бельгияда «Орта дәліз және жаһандық қақпалар» тақырыбында Берлин Еуразиялық клубының 44-ші жыл сайынғы отырысы өтті. Шарада Еуропа мен Азия арасындағы өзара көлік байланысының жаңа сәулетін қалыптастырып жатқан Қазақстанның рөлі туралы айтылды.

Қазақстан — Еуразияның негізгі транзиттік торабы. Шығыс–Батыс бағыты бойынша құрлықтағы жүк тасымалының 85 пайыздан астамы біздің аумақ арқылы өтеді. Соңғы 10 жылда еліміз көлік инфрақұрылымына 35 млрд доллар құйды. Ұлттық желі 13 халықаралық дәлізді біріктіріп отыр және қарқынды өсім көрсетіп келеді: оның өткізу қабілеті қазір жылына алты млн тонна. 2028 жылға дейінгі меже — 10 млн тоннаға жеткізу.

Михаэль Хармс, Германия экономикасы шығыс комитетінің атқарушы директоры:

- Контейнерлік тасымалдар бойынша өте жақсы өсім бар. Биыл оның көлемі шамамен 60 пайызға артты және 100 мың контейнерге жетеді деген жоспар бар. Әрине бұл теңіз тасымалымен салыстырғанда әлі де аз, бірақ дәліз үшін өте жақсы нәтиже.

Клуб отырысында Қазақстанның Германиядағы елшісі Нұрлан Онжанов серіктестіктің маңызын атап өтті. Еліміздің Еуроодақ жанындағы тұрақты өкілі Роман Василенко ұйымның Транскаспий бағытына жоғары қызығушылық танытып отырғанын айтты. Ол Брюссельдің Орта дәлізді қолдауға шамамен 20 млрд еуро бөлуді жоспарлағанын атап өтті. Отырысқа сарапшылар мен ғылыми орта өкілдері, сондай-ақ Еуропарламент депутаттары қатысып, пікір білдірді.

Сергей Лагодинский, Еуропарламент депутаты:

- Қазақстан осындай диалог құру үшін бірінші болып қарастырылатын мемлекеттердің бірі болуы керек. Өйткені ол Шығыс пен Батысты жалғайтын дәліз ғана емес, өз алдына маңызды держава.

Отырыста жекелеген секторлар бойынша ынтымақтастық орнатудың мүмкіндіктері де талқыланды. Сондай-ақ Германия мен Еуропа логистикалық компанияларының тәжірибесі және олардың Қазақстан аумағындағы қызметін кеңейту жоспарлары туралы сөз болды.

Хайнрих Керстгенс, Герман логистикалық компаниясының өкілі:

- Қазір Қазақстанда біз экспедиторлық қызмет көрсетуден бастап, жерүсті инфрақұрылымына инвестиция салу жұмыстарына дейін кеңейіп жатырмыз. Оған контейнерлік терминалдар жобалары да кіреді.

Штефан Гайспергер, Герман инженерлік-консалтингтік компания өкілі:

- Біз әлемнің барлық өңірінде жұмыс істейміз және теміржол инфрақұрылымы жобаларын сүйемелдейміз. Қазақстан — біздің қазіргі бастамаларымыздың ішіндегі маңызды ел.

Көлік саласын дамытудың негізгі бағыттары туралы еліміздің көлік вице-министрі баяндады. Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Қазақстанның авиациялық қауіпсіздік бойынша халықаралық аудиттен табысты өткенін және бұл нәтиже мемлекетімізді осы сала бойынша әлемнің жетекші елдері қатарына қосатынын атап өтті.

Дархан Катышев, ҚР Көлік министрлігі азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары:

- 2026-шы жылдың соңында Америка Құрама Штаттарына, яғни Нью-Йоркке жаңа әуе рейсін ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл аудиттер ол жақтағы авиациялық қауіпсіздік органдарының осы рейсті ашуына тікелей ықпал етеді.

Әлемдік экономикадағы аймақтың рөлін күшейтудегі Қазақстанның үлесі зор. Жиын еліміздің Шығыс пен Батысты біріктіретін көлік байланысындағы жаңа жүйенің орталық бөлігіне айналып келе жатқанын тағы бір дәлелдеді.

Авторлары: Ғалымжан Қараманұлы, Жомарт Ахметов