Мұсылман күнтізбесі қамари жыл санауына негізделген.
Бүгін, 2025 жылғы 28 мамырда, һижри қамари күнтізбесі бойынша зул-хижжа айы басталды. Бұл ай – Ислам дініндегі ең қасиетті айлардың бірі. Осыған сәйкес, биылғы Арапа күні 5 маусымға, ал Құрбан айт мерекесінің бірінші күні 6 маусымға тура келеді, деп хабарлайды ҚМДБ баспасөз қызметі.
Айта кетейік, мұсылман күнтізбесі қамари жыл санауына негізделген. Жаңа ай әр айдың соңында айдың көрінуіне (һиләл) байланысты анықталады. Егер 29-күні ай көрінсе, келесі ай басталады. Ал ауа райының қолайсыздығына байланысты ай көрінбесе, ай 30 күнге толады.
Оқи отырыңыз: ҚМДБ Қазақстанда құрылған Қарилар алқасы немен айналысатынын түсіндірді
2025 жылы зул-қағда айының 29-күніне сәйкес келген 27 мамыр кешінде жаңа айдың көрінуі расталды. Осылайша, зул-хижжа айы 28 мамырда басталды.
"Ислам дінінде зул-хижжа айының алғашқы он күні ерекше қасиетке ие. Бұл күндері құлшылыққа, ізгі амалдар мен дұға-тілектерге көбірек көңіл бөлген жөн. Хадистерде осы кезеңде жасалған игі істердің сауабы еселеніп жазылатыны айтылған. Арапа күні – Құрбан айттың алдындағы күн. Бұл күні ораза ұстау – сүннет. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): "Арапа күні ораза ұстау арқылы Алладан өткен және келесі жылдың күнәларын кешіруді үміт етемін", – деген. Ал Құрбан айт – мұсылмандардың ұлық мерекесі. Құрбан айт намазынан кейін үш күн ішінде мүмкіндігі жеткен әрбір мұсылман үшін құрбандық шалу – міндет. Бұл туралы қасиетті Құранда: "Раббыңның разылығы үшін намаз оқы және құрбандық шал" ("Кәусар" сүресі, 2-аят) деп айтылған. Алла Тағала елімізге амандық, халқымызға тыныштық бергей. Шалған құрбандықтарымыз, қажылық парызын өтеуге аттанған отандастарымыздың қажылығы қабыл болғай. Әмин!" – деп жазды ҚМДБ.