Алматы әкімдігі кеше электр желілеріндегі апатқа байланысты қай шағынаудандарда электр энергиясымен жабдықтау жұмыстары жалғасып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Әкімдіктің мәліметінше, 13 қарашада 110 кВ №124А және №101А электр желілерінде апатты жағдай тіркелген. Салдарынан ПС-162А "Алғабас", ПС-169А "Ақбұлақ", және ПС-123А "АЖЭО-2" сынды бірнеше ірі қосалқы станция уақытша электр қуатынан ажыратылған.

Апат салдарынан Алматы қаласы Алатау ауданының тұтынушылары жарықсыз қалған. Электрмен жабдықтау төмендегі шағынаудандарда уақытша тоқтатылған:

Ақбұлақ, Алғабас, Ақкент, Саялы, Теректі, Ғажайып, Көксай, Нұркент, Дарабоз, Зерделі, сондай-ақ Райымбек даңғылы – Момышұлы – Мөңке би көшелерінің аралығындағы аумақ.

Оқиға орнына жедел түрде апаттық-қалпына келтіру бригадалары жіберілген. Мамандар апаттың себебін анықтауға кірісіп, электр қуатын кезең-кезеңімен қалпына келтіру жұмыстарын жүргізген.

Нәтижесінде 14 қараша, сағат 00:12-де, ПС-110/10 кВ №169А "Ақбұлақ" қосалқы станциясы 110 кВ №101А желісі арқылы қайта қосылған.

Қазіргі уақытта мамандар Нұркент, Ақкент, Алғабас, Теректі және Көксай шағынаудандары бойынша электр қуатын қалпына келтіру жұмыстарын жалғастырып жатыр.

"Апаттық-қалпына келтіру жұмыстары электрмен жабдықтау толық орнына келгенше жүргізіледі. Уақытша қолайсыздық үшін кешірім сұраймыз", — делінген хабарламада.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз