Қазақстандық футболшылар әлем чемпионаты іріктеу кезеңіндегі соңғы кездесуін өткізеді. Соңғы түйенің жүгі ауыр демекші, жауапкершілігі жоқ болса да соңғы ойын қазақстандықтар үшін сынақ болғалы тұр. Әсіресе бас бапкер үшін, деп хабарлайды "Хабар" арнасы.
Бапкер Талғат Маруаұлының мәселесі осы ойыннан кейін шешілуі әбден мүмкін. Егер өткен турдағыдай жігіттер келісті ойын көрсетіп жатса, келісімшарт мерзімі ұзарады. Қарсылас осал емес – Еуропаның белді құрамаларының бірі Бельгия.
Байсуфинов бұл ойынға тас-түйін дайынбыз деп отыр. Ескертулеріне байланысты ойынға Бақтияр Зайнудинов пен Исламбек Қуат қол ұшын бере алмайды. Ал Нұралы Әліп алғашқы минуттардан алаңға шығуға дайын. Яғни Зенит қорғаушысы жарақат алды деген жел сөз екенін футболшының өзі айтты.
Sports.kz сайтының мәліметіне сәйкес, "Қазақстан-Бельгия" матчының тікелей трансляциясы 15 қараша сағат 19:00-де Qazsport телеарнасында жүргізіледі.
Бельгия құрамасы алты ойыннан кейін 14 ұпаймен J тобында көш бастап тұр. Жеті ойын өткізіп, жеті ұпай жинаған Қазақстан соңғы орыннан бір саты ғана жоғары тұрған төртінші орынға жайғасты. Қазақстанның соңғы матчы сол кезде топта көш бастап тұрған Солтүстік Македониямен сырт алаңда өтіп, команда 1:1 есебімен тең түсті, ал Бельгия Уэльсті сырт алаңда 4:2 есебімен жеңді.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз