Мемлекет басшысының Қазақстанда футболды дамыту стратегиясы аясында Михаил Ломтадзе Астанадағы "Жеңіс" клубының иесі атанды, деп хабарлайды Kaspi.kz.
Бұған дейін Михаил әлемдік деңгейдегі футбол академиясын құру жоспары туралы хабарлаған болатын. Бүгін академияның Астанадағы "Жеңіс" ФК базасында салынатыны, онда жас таланттар халықаралық стандарттар бойынша тегін жаттыға алатыны белгілі болды.
"Арманым – Қазақстанда және Англияда ең талантты жас футболшылар, болашақ жұлдыздар тәрбиеленетін әлемдік деңгейдегі кәсіби балалар футбол академиясын құру. Оқу толығымен тегін болады. Жас спортшылар еліміздің және футболдың отаны – Англияның жетекші мамандарымен жаттығуға мүмкіндік алады.
Футбол – көптеген елде мақтаныш көзі болып табылатын ең танымал әрі тартымды спорт түрі. Заманауи технологиялардың көмегімен біз қазақстандық футболды жаңа деңгейге көтеріп, әлемдік деңгейдегі ойыншыларды тәрбиелей аламыз деп сенемін", — дейді Kaspi.kz басшысы және негізін қалаушылардың бірі Михаил Ломтадзе.
Инфрақұрылымнан бөлек, кәсіби футбол деңгейін арттыруға және барлық деңгейде ойыншыларды жүйелі дайындау үшін жағдай жасауға көңіл бөлінетін болады.
"Михаил Ломтадзе сияқты инвестордың келуі – клубтың дамуы үшін үлкен мүмкіндік. Біз футболдың болашағы балалардан, инфрақұрылымнан және заманауи әдістемелерден басталатынын бәріміз түсінеміз.
"Жеңістің" бай тарихы бар, және біз бірлесе отырып, клубтың бұрынғы даңқын қайтара алатынымызға және бүкіл қазақстандық футболдың жарқын болашағына үлес қоса алатынымызға сенімдіміз", — дейді "Жеңіс" футбол клубының бас директоры Айдын Қожахмет.
"Жеңіс" клубы – 1964 жылы құрылған Қазақстанның ең көне әрі титулды футбол клубтарының бірі. Өз тарихында клуб үш рет Қазақстан чемпионы (2000, 2001, 2006) және үш рет ел Кубогының жеңімпазы (2001, 2002, 2005) атанған.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз