2025 жылғы 28 мамырда Мәжіліс алаңында ҚМА төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмек ретінде жиналған 1,5 миллиард теңгеден астам қаржыны жымқырды деген күдікке ілінген Перизат Қайраттың ісі бойынша айтты, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

ҚМА басшысының орынбасары қылмыстық іс бойынша екі адам – Перизат Қайраттың өзі және оның анасы күдікті ретінде танылғанын хабарлады.

"Қылмыстық іс аяқталды, қылмыстық процеске қатысушыларды іс материалдарымен таныстыру процесі жүріп жатыр. Өйткені ол (Перизат Қайрат. – Ред.) танысу процесін кешіктірді, іс материалдарын өте баяу зерттеді, кесте белгіленді, бұл кесте 9 маусымда аяқталады. Осыдан кейін ҚР Қылмыстық-процестік кодексіне сәйкес, өтінішхат беруге үш күн уақыт беріледі және олар қаралғаннан кейін іс прокуратураға жіберіледі, қадағалау органы 10 күн ішінде істі сотқа жіберу туралы шешім шығарады", – деді Жеңіс Елемесов.

Оның айтуынша, Перизат Қайратқа ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы – "Алаяқтық" және ҚР Қылмыстық кодексінің 218-бабы "Қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру" бойынша айып тағылуда.

Бап бойынша санкциялар сәйкесінше 5 жылдан 10 жылға дейін және 7 жылға дейін бас бостандығынан айыруды қарастырады.

2024 жылдың 14 қарашасында ҚМА волонтёр белсендісі және қоғамдық қайырымдылық қорының негізін қалаушы Перизат Қайратқа қатысты тергеу жүргізіп жатқаны белгілі болды. Ол көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмек ретінде жиналған 1,5 миллиард теңгеден астам қаржыны жымқырды деген күдікке ілінді. 15 қарашада Перизат Қайрат екі айға қамауға алынды. 16 қарашада ҚМА ұсталған белсендінің ісіне қатысты жаңа мәліметтерді жариялады.

2025 жылдың 21 ақпанында ҚМА Перизат Қайратқа қатысты жаңа істің жай-жапсарын ашты.