Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Ресей мен Қазақстан президенттерінің бейресми жағдайда өткен келіссөздері туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Әділ Балтабаевқа сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Песковтің айтуынша, Путин келіссөздерді Кремльдегі пәтерде жалғастыру туралы ұсынысты өте сирек жасайды. Қасым-Жомарт Тоқаевқа дейін Ресей президентінің пәтерінде Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди мен ҚХР төрағасы Си Цзиньпин болған.

"Путин мен Тоқаевтың жылы достық қарым-қатынасы көшбасшыларға ең маңызды мәселелерді еркін әрі ашық жағдайда талқылауға мүмкіндік береді", — деді Ресей президентінің баспасөз хатшысы.

Еске салсақ, бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеуге мемлекеттік сапармен барғанын жазған едік. Мемлекет басшысының бортын шекарадан Ресей Қорғаныс министрлігінің Су-35 ұшақтары қарсы алды.

Тоқаев пен Путин Кремльде бейресми кездесу өткізді.

Екі ел президенті келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының мемлекетаралық қарым-қатынасын жан-жақты стратегиялық серіктестік және одақтастық деңгейіне дейін жеткізу жөніндегі декларацияға қол қойды.

Ақорданың хабарлауынша, кездесу аяқталғаннан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин жылы қоштасты.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз